BASTY BET /  OQÝ /  ǴYLYM /  TÁRBIE /  SPORT

Курсанттар үшін тағы бір көңілді кеш!

Күні кеше  2-курстың 208-оқу тобының курсанттарымен  Жастар сарайына  «Өнер қырандары»  әзіл-сықақ театрының  «Алма Ата»  атты концерттік бағдарламасын көруге барып қайттық. «Өнер қырандары»  театрының Қостанай қаласындағы бұл алғашқы концертін тамашалауға барғанына  курсанттар өте қуанышты.  Театр ұжымының барлық мүшесі- кәсіби маман, Т.Қ.Жүргенов атындағы Өнер академиясының түлектері. Алғашқы қадамдарын 2007 жылы Көңілді тапқырлар клубында өнер көрсетіп бастап, жетістікке де жеткен. 2009  жылы құрамы толықтырылып,  8 адамнан тұратын «Өнер қырандары театры» болып құрылған. Театр басшысы- Мадияр Серікбаев. Бүгінде бұл театрдың өнерін барша жұрт мойындайды. Жалпы, театр имандылық пен ұлтымыздың асыл құндылықтарын насихаттап жүрген-ді. Ұлтымызды имандылыққа ұйытып, халқымызды игілікке бастап, асыл дініміздің абыройын асқақтататын руханият жолында қажырлы қызметтермен елеулі еңбек етуде. Сонымен қатар театр қайырымдылық іс-шараларында белсенділік танытады. Бұл театр әрбір концертінің соңында дәстүрлі түрде «Харекет» қайырымдылық қоры бастаған топпен бірлесе отырып  баспанасы жоқ жандарға үйдің кілтін табыс етеді. Гүлмира Мұханқызы құрған «1000 теңгеге баспана», «Харекет» қайырымдылық қоры  осы уақытқа дейін, яғни 2 жыл ішінде 155 отбасыға үй табыстапты. Соның тағы бір дәлеліне курсанттар куәгер болды. Концерттің соңында театр дәстүрлерін бұзбай Ибраева Жанна анамызға 156-үйдің кілтін табыс етті.  Ибраева Жанна анамыздың қуанышында шек болмады. Өз сөзінде театр ұжымына, «Харекет» қайырымдылық қорына, барша Қазақстан халқына өз алғысын айтты. Курсанттарымның осындай көріністің куәсі болғанына қуаныштымын. Осы бір концерттен курсанттарымның мол тәлім-тәрбие алып, имандылыққа, қайырымды, жанашыр болуға ой түйгеніне сенімдімін.

2-курс бастығының орынбасары
полиция капитаны
Н.Бақытқалиұлы