BASTY BET /  OQÝ /  ǴYLYM /  TÁRBIE /  SPORT

КҮРЕС ӨНЕРІНІҢ ЖАУҺАРЫ-БЕЛДЕСУ

Ағымдағы жылдың 12-15 наурыз аралығында Қ. Оспанов атындағы балалар жасөспірім спорт мектебінің спорт кешенінде академик Шайсұлтан Шаяхметовті еске алуға арналған белбеу күресінен ерлер мен əйелдер арасындағы Қазақстан Республикасының чемпионаты өтті. Жарыстың мақсаты еліміздің əр өңірінен боз кілемнің таңдаулы палуандарын іріктеп, алдағы уақытта болатын Әлем және Азия чемпионаттарында ел намысын қорғайтын шын мықтыны анықтау еді. Үш күнге созылған дүбірлі додамызға 13 командадан 250-ден аса спортшылар қатысып, жарыс жүлделерін сарапқа салған болатын. Палуандарымыз белбеу күресінің классикалық және еркін түрінен белдесіп, өзара күш сынасты.

Бұл жарыстың өту барысында Академиямыз өз палуандарын қатыстырып қана қоймай, ұйымдастырушылық жағымен де ерекшеленіп, жарысты өз дәрежесінде өткізе білді. Атап айтқанда, дене шынықтыру даярлығы кафедрасының аға оқытушысы полиция майоры Ержан Айтбайұлы Кабидуллиновтың ұйымдастыруымен және спортшыларымыздың ерекше талпынысының нәтижесінде жарысымыз көрермен көңілінен шықты.

Осыған орай жарыстың ашылу салтанатында Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі Спорт және дене шынықтыру істері комитетінің арнайы алғыс хатымен және де жергілікті белбеу күресі федерациясы президентінің арнайы тапсырыспен жасалған қышқұмырамен елімізде белбеу күресін дамытуға және қалыптасуға қосқан елеулі үлесі үшін ІІМ Шырақбек Қабылбаев атындағы Қостанай академиясының бастығы, полиция полковнигі Нұрлан Амангелдіұлы Биекенов марапатталды.
Аламан додамыз қызыққа толы, тартысты сайысқа айналды. Қанға сіңген қасиет, жауынгерлік өнер мен жеңіске деген жігердің əсері спортшыларымыздың оза шапқан хас тұлпардай екенін көрсетті. Алайда «жүйріктен жүйрік озар жарысқанда» демекші, әдісін ақылына серік ете біліп, дараланған арландай алыптарымыз жеңіс тұғырынан көріне білді. Бұл жарысымызға тиянақты дайындалған Қостанай облысының белбеу күресінің палуандары да аймақ абыройын асқақтатып, жеңімпаздар мен жүлдегерлер қатарынан көрінді. Олардың ішінде 76 келіден жоғары салмақ дәрежесінде Академиямыздың тыңдаушысы Самал Кусабаева қола жүлдеге қол жеткізді.
Жарыстың қорытындысы бойынша Қостанай облысының құрамасы жалпы командалық есепте төртінші орынға табан тіреді. Жарыстағы жарқын жетістіктер мен алға жылжулардың барлығы Федерацияның үш жылдық жұмыс нәтижесінен көрініс тапты. Осы ретте Академиямыздың қызметкері, федерация мүшесі Ержан Айтбайұлыныңда қосқан үлесін айта кеткеніміз жөн.
Чемпионатымыздың соңында жарысымызға төрелік еткен төрешілеріміз бен команда өкілдері, сонымен қатар құрметті қонақтар боз кілем бәсекесі жоғары деңгейде өткенін атап өтіп, жарыс ұйымдастырушыларына алғыстарын білдірді. Біз де жеңімпаздарымызға алдағы уақытта Татарстан Республикасының Қазан қаласында өтетін әлем чемпионатында сәттілік тілеп, ел абыройын асқақтатады деген сенімдеміз.

ДШД кафедрасының оқытушысы
полция аға лейтенанты
Р.Құтымбаев