BASTY BET /  OQÝ /  ǴYLYM /  TÁRBIE /  SPORT

Тартымды іс-шара……………

Ағымдағы жылдың 17 шілдесінде Қостанай академиясының жазғы оқу-дала лагерінде Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты Серік Шыңғысұлы Бектұрғанов және Қостанай облысы әкімінің кеңесшісі Аслан Дабылов Академия бастығы полиция полковнигі Нұрлан Амангелдіұлы Биекеновпен, Академия қызметкерлерімен, курсанттарымен және жасөспірімдермен кездесті. Серік Бектұрғанов, Аслан Дабылов жазғы оқу-дала лагерінің аумағын және ғимараттарын аралап, қызметкерлердің жасөспірімдерге психологиялық тренингтер, әртүрлі ойындар ойнатып, өзін-өзі қорғау сабақтарын өткізіп, Калашников автоматын жинақтау және тарату механизмдерін көрсетіп жатқан сәттерін көріп, жасөспірімдердің көздерінен тек қана қуаныш пен шаттықты байқады.




Серік Бектұрғанов: «Қай ғасыр болсын, жасөспірімдер мен тәрбие мәселелері басты назарда. «Бала тәрбиесі – мемлекеттің маңызды міндеті» деген сөзді Плотонның өзі де бекер айтпаған. Бүгінгі таңда Академия басшылығы, қызметкерлері сіздер үшін жазғы оқу –дала лагері жобасын ұйымдастырды. Қаншама қызметкерлер, курсанттар әртүрлі ойындар, тренингтер, жарыстар ұйымдастыруда. Сіздер үшін барлық жағдайларды жасап, бұл жобаны одан әрі іске асыруымыз қажет», — деп айтты.
Сонымен қатар кездесу барысында жасөспірімдер өздерінің сұрақтарын қойып, Академия басшылығына, қызметкерлері мен курсанттарына биылғы жазғы оқу –дала лагерін тұңғыш рет оларға арнап ашқанына және жан-жақты әртүрлі іс-шаралар өткізіп отырғандарына ризашылықтарын білдірді. Олар лагерьдің жұмысы одан әрі жалғасын табуына тілектерін айтты.
Кездесу барысында жасөспірімдердің қайсысымен әңгімелессең де, жаз мезгілін жыл сайын асыға күтетінін, биыл лагерьге келу арқылы көп дос тапқанын, түрлі іс-шараларға қатысып, көңіл көтеріп, мәз-мейрам болғандары туралы айтты. Осылайша лагерьдің әр күні мәнді де сәнді өтуде. Бұл тұста жасөспірімдердің әр күндерін қызықты өткізуге үлес қосқан қызметкерлермен курсанттардың еңбектерін ерекше атап өтіп, жоғары бағалауға болады. Олар лагерьдің қызықты, көңілді өтуіне аянбай, шаршамай өз үлестерін қосқаны байқалып тұр. Сондай-ақ жасөспірімдер бір мезгіл сурет салып, сахнада би билеп, ән шырқап, өздерін жан-жақты көрсете білді.




Кездесу барысында Академия бастығы Н.Биекенов: «Жазғы оқу-дала лагері жобасы одан әрі жұмысын жүзеге асырады. Біздің мақсатымыз — жасөспірімдерге зиянды әдеттерден аулақ болып, өзін де, өзгені де зиянды әдеттердің қасіретінен қорғай білу, салауатты өмір сүре білуге үйру. Олардан сақтану жолдарын дұрыс таңдап, салауатты өмір сүрудің маңызын түсіне білуге бағыттау. Себебі мемлекетіміздің жақсаруы үшін оған дені сау, білімді, мәдениетті ұрпақ керек. Бұл жасөспірімдердің тәртіп сақшысына, қоршаған ортаға деген оң көзқарасын қалыптастыру, еліміздің отансүйгіш, адамгершілігі мол азаматы атанып, сүйікті мамандық иесі болуына, сонымен қатар ата-аналарын құрметтеп, олардың жарқын болашаққа деген сенімін арттырады деген ойдамыз», — деді.

Қорытындылай келе қатысушылар кездесу соңында естелікке суретке түсті.


Баспасөз қызметінің баспасөз хатшысы
О.Уақпаева