BASTY BET /  OQÝ /  ǴYLYM /  TÁRBIE /  SPORT

«Өмірлік қиын жағдайдағы балалар»

Дана халқымыз сан ғасырдан бері «Адамның бақыты — балада» деп, баласының ер жетіп азамат болуына бар өмірін арнап, жиған — тергенін балаларының жолына, қолына берген. Кез келген адам баға жетпес бақытты ұрпағының жалғасып, өсіп-өнуін тілейтіні белгілі. Ал, қазірігі таңда кейбір жандар өз бақытын байлықтан, мансап пен қызметтен іздейтін сияқты.
Соның есебінен елімізде жәутеңдеген қара көздердің саны едәуір артуда. Кейбір ата-ана тұрмыс жағдайын, тағдыр тауқыметін сылтау етіп, балаларынан бас тартады. Көзі қиып, жүрегі шыдап, шырылдаған сәбиін панасыз қалдырған тасбауыр жандар жер басып қалай жүреді екен? Осындай қатыгездіктің салдарынан бейкүнә балалардың қандай жазығы бар? деген сұрақтар туындайды.
2020 жылғы 13 ақпанда «Әлеуметтік жұмыс» мамандығы бойынша оқитын 3 курс курсанттарын «Халықтың түрлі санаттарымен әлеуметтік жұмыс» пәнінің аясында «Қостанай қаласының өмірлік қиын жағдайдағы балаларды қолдау орталығына» шығу сабағы ұйымдастырылды.

Өмірлік қиын жағдайға түскен үш жастан он сегіз жасқа дейінгі балаларға орталықты 6 айға дейін паналауға болады. Орталықта 40 орын бар, қазіргі таңда мұнда 32 бала тұрып жатыр. Балалардың көбі №122 орта мектепте білім алады екен. «Орталықта балаларға барлық жағдай жасалған, бірақ кез келген бала ата-ананың аялы алақанына зәру. Осы жылдар ішінде қанша бала келіп, қаншасы кеткені есімде жоқ. Орта есеппен жүз бала келіп кетеді. Кетеді дегенде, бірі жаңа отбасыға, енді бірі жасы келгенде жетімдер үйіне, тағы бір бөлігі — ерекше қажеттілігі бар (мүгедек) балаларды оңалту орталығына жіберіледі»,- дейді орталықтың әлеуметтік-педагогы Гүлбану Альбековна.
Шығу сабағы барысында курсанттар өмірлік қиын жағдайға түскен балалармен әлеуметтік жұмыс жүргізудің ерекшелігімен танысты.

ІІО әлеуметтік жұмысты ұйымдастыру
кафедрасының оқытушысы
полиция майоры А. Танкибаева