BASTY BET /  OQÝ /  ǴYLYM /  TÁRBIE /  SPORT

Сертификат табыстады

Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 2019 жылғы 2 қыркүйектегі «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Қазақстан халқына Жолдауында: «Қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретіндегі рөлі күшейіп, ұлтаралық қатынас тіліне айналатын кезеңі келеді деп есептеймін. Бірақ бұндай дәрежеге жету үшін бәріміз даңғаза жасамай, жұмыла жұмыс жүргізуіміз керек», – деп нақты әрі жүйелі жұмыс жүргізуді тапсырған болатын.

Осы мәселеде Қостанай академиясы мен «Тілдарын» облыстық тілдерді оқыту орталығы ынтымақтаса отырып, жақсы нәтижелерге қол жеткізіп келеді. Яғни, қызметкерлерге жұмыс орындарынан шықпай-ақ мемлекеттік тілді меңгеріп алуы үшін жағдай жасалған. Себебі, Орталықтың тіл мамандары осында келіп сабақтар жүргізеді және курстың соңында емтихан алып, білімін растаған тыңдаушыларға сертификаттар табыстайды.

2020 жылдың 10 қаңтары күнгі өткен жылдың қорытындысы бойынша сертификат тапсыру рәсімінде Академияның 15 қызметкері сертификат алды. Олар – В1 деңгейі бойынша мемлекеттік тілді оқу курсын толық аяқтағандар.

Салтанатты шарада Қостанай облысы Тілдерді дамыту басқармасының басшысы Г. Мендекинова сөз сөйлеп, мемлекеттік тілді оқытуға ерекше үлес қосқан ұстаздар мен курсты ойдағыдай тәмамдаған тыңдаушыларды марапаттады. Оның ішінде біздің қызметкерлерімізге сабақ беретін білікті ұстаз Гүлмира Крикпенова мен аталған курсты табысты аяқтаған полиция аға лейтенанты Салтанат Ержанова да бар.

Басқармадан Алғысхат алған Салтанат: «Белгілі бір себептерге байланысты, орта мектепте, одан әрі жоғары оқу орнында орыс тілінде білім алуға тура келді. Бұл ана тілін жетік білуіме кері әсерін тигізбей қоймады. Осы олқылықтың орнын толтырудың сәті Академияға қызметке тұрған соң туды. Ойланбастан қазақ тілін оқыту курсына жазылдым. Аптасына екі рет болатын сабаққа қызыға қатысып жүрдім. Соның нәтижесінде мемлекеттік тілді орта деңгейде меңгергенін растайтын сертификатқа ие болдым. Осындай қолайлы жағдай жасағаны үшін Академия басшылығына алғыс білдіремін», – деп ағынан жарылды.

Осылайша, оқу ордасында мемлекеттік тілді меңгерген қызметкерлердің саны 15 адамға артты. Бұл – оқу ордасы мен тілдерді оқыту орталығының бірігіп жұмыс істеуі арқасында мүмкін болып отыр. Осы мақсаттағы игі істер алдағы уақытта да өзінің жалғасын таба бермек.

Қостанай академиясы

ІСКБ бастығы Қ. Елмұратов